Жақында BBC арнасы Ресейдің үгіт насихаты арқылы Ұлыбританияның қалай «нөмір бірінші жауға» айналғаны туралы зерттеу жариялады. Ресейлік телеарналарда, Telegram арналарында, саяси ток-шоуларда «ағылшындар арамдық жасады», «зұлым англосакстар» тәрізді тіркестер жиі қолданады. Ескерте кетейік, англосакстар термині тек Ұлыбританияны ғана емес, бүкіл ағылшын тілді батыс әлемін (АҚШ, Ұлыбритания, Канада, Австралия) бір топқа біріктіріп, «айлакер, үнемі астыртын әрекет жасайтын ұжымдық жау» ретінде көрсету үшін қолданылады. Танымал британдық сарапшы әрі талдаушы Джон Лаф бұл құбылысты «билікке халықтың назарын аудару үшін қажет» деп түсіндіреді. Ал енді мұндайда заңды сұрақ туындайды. Қазақ медиасында осындай тұрақты «сырттан келетін жау» құрылымы бар ма?! Бұл туралы EurasiaPulse басылымы зерттеп көрді.
Салыстырып көрелік….
Жалпы, Қазақстан үкіметі тарапынан арнайы ойлап табылған, телеарналар жабыла жамандап жататын тұрақты «бірінші нөмірлі сырттан келетін жау» жоқ. Алайда, қоғамда «жау» туралы сөз қозғалғанда, мәселе үшке бөлінеді. Оның біріншісі, қазірде басқа елдердің мысалы, дәл осы Ресейдің делік, ақпараттық шабуылы бізге бағытталып отыр. Яғни, қазақ медиасы өзі жау іздеп жатқан жоқ, керісінше, сыртқы насихаттың әсерінен өзін қорғауға мәжбүр. Екінші және үшінші нұсқаға ел ішіндегі текетіресті мысал етсек болады. Қазірде Қазақстанның ішінде адамдар бір-бірін жау көретін екі түрлі түсінік қалыптасқан. Бұл қоғамның екіге бөлінуі (орыстілділер мен қазақтілділер, немесе билікті қолдайтындар мен оппозиция) болуы мүмкін. Ең бастысы бұл процесте Қазақстан – шабуыл жасаушы субъект емес, шабуылға ұшырап отырған ысана болып отыр. Мұндайды «біз өзіміз біреуді жау қылмаймыз, өзгелердің насихаты бізді нысанаға алып жатыр» деп түсіндірсек те болады.
Ресей мен Қазақстанның айырмашылығы неде?!
Негізінде, Ресей мен Қазақстанның ақпарат айдынындағы ең басты айырмашылық – халыққа ақпарат тарататын жүйе екі басқа. Ресейде билік бір өтірікті немесе қандайда бір идеяны халыққа өткізгісі келсе, оны барлық жерден бір уақытта айтқызады. Бір күнде барлық телеарналар, газеттер мен мыңдаған Telegram арналары бір сөзді қатар қайталап шығады. Оларда барлық ақпарат бір орталықтан басқарылады. Ал Қазақстанда Ресейдегідей «бәрін бір уақытта айтатын» бір орталықтан басқарылатын жүйе жоқ. Оның себебі – біздің халықтың көбі отандық арналарды емес, Ресейдің телеарналарын көреді. Зерттеу бойынша, Қазақстанда адамдар ең көп көретін 10 телеарнаның 8-і — ресейлік арналар. Өзбекстанда да осындай, ал Тәжікстанда тіпті 9 арна Ресейдікі. Осы жағдайды ескерсек, «Қазақстан БАҚ-тары қандай жау бейнесін ойлап тауып жатыр?» деп сұраудың өзі қате. Өйткені біздің медиа ештеңе ойлап тауып жатқан жоқ. Мұндайда керісінше, «Ресей арналарын көріп отырған қазақстандық көрерменнің санасына сырттан қандай жау бейнесі тықпаланып жатыр?» деген сұрақ қойылуы керек.
«Жау» қайдан шығады?!
Енді бұл «жау» өзі қайдан шығады?! Бұл бағытта Ресейде Батыстан, Америкадан немесе ағылшындардан келетін «жауды» елдің ішінде отырып-ақ өздері ойлап табады. Қазақстанда да «Батыс – біздің жауымыз» деген әңгіме өте көп айтылады, бірақ бұл идеяны қазақтар емес, Ресейдің ақпараттық құралдары сырттан әкеліп, біздің халықтың миына құйып жатыр.
Зерттеулер бойынша, Ресей медиасы Қазақстанға қатысты екі үлкен қауесетті үнемі таратады. Оның біріншісі «Батыс елдері Орталық Азияның (соның ішінде Қазақстанның) тыныштығын бұзғысы келеді». Екіншісі Америка мен Еуропаның елшіліктері біздің үкіметті төңкеріп тастағысы келеді» дегенге саяды. Олар бұған дәлел ретінде 2022 жылғы Қаңтар оқиғасын алға тартады. Олар халыққа – «Қаңтардағы бүлікті қазақтар өзі жасаған жоқ, оны сырттан Батыс ұйымдастырды, тіпті артында Ұлыбританияның құпия барлау қызметі (MI6) тұрды» деп сендіргісі келеді. Осылайша Ресей кезінде Украина мен Беларусьте болған халық наразылықтарын да Батысқа жауып, жаман атты етіп көрсеткен. Мұның артында адамдардың санасына астыртын сіңіп жатқан үлкен қорқыныш бар. Ресей насихаты қазақстандықтарға «Егер Қазақстан Батыспен достасып, Ресейден алыстайтын болса, Украина құсап соғысқа тап болады, соның тағдырын қайталайды» деген сесті байқатпай сіңіріп келеді.
Оқиға неден басталды?
Гурулевтің аудиожазбасы нені айқындады?!
Еске салсақ, 2024 жылы Ресейдің депутат-генералы Андрей Гурулевтің дауысына ұқсайтын бір аудиожазба интернетке тарап кетті. Онда ол: «Украинадан кейінгі кезек – Қазақстанда, оларға да шабуыл жасаймыз» деген сыңайда сөйлейді. Бұл жазба бірден шу тудырады. Сол тұста ресейлік және оларды қолдайтын медиа бұл жағдайды өз пайдасына былай бұрып әкетті. Ғаламторда «Америка мен Еуропаның (Батыстың) журналистері осы аудиожазбаны пайдаланып, Ресей мен Қазақстанды араздастыру үшін үлкен жанжал шығарып жатыр!» деген жаңалық таратады. Тіпті бұл әңгімені Қытайдың сайттарына да шығарып үлгереді.
Артынша сарапшылар мен журналистер Google арқылы Батыс елдерінің (АҚШ, Ұлыбритания) баспасөзін тексеріп көреді. Қызығы – Батыс БАҚ-тары бұл аудиожазба туралы мүлдем ештеңе жазбаған болып шығады. Яғни, «Батыс шулатып жатыр» деген әңгіменің өзі өтірік болып шықты.
Негізінде, мұндай ақпараттық шабуылдардың арнайы жұмыс істеу жүйесі бар. Ол үшін алдымен интернетке ешкім тексеріп үлгермейтін бір күмәнді жаңалықты тастайды. Кейін «мұны Батыс бізге қарсы қолданып жатыр» деп, жоқ нәрсені бар қылып көрсетеді. Осы шудың арасында «Қазақстан НАТО әскери блогымен астыртын келіссөз жүргізіп жатыр екен, Ресейге опасыздық жасамақшы» деген тағы бір қауесетті де қосып жіберген және бұл бір емес бірнеше рет қайталанған болатын.
Тіл және қауіп…
Бұдан бөлек Ресей медиасының Қазақстандағы қазақ тілін дамыту және өткен тарихты тану (деколонизация) процестерін жаман атты қылып көрсеткісі келетін тұстары да бар. Мысалы, Ресейдің ең ірі сайттары мен газеттері Lenta.ru, RBC, Russia Today және тағы басқалары Қазақстанның латын әліпбиіне көшу туралы жоспарын жай ғана тіл реформасы емес, «орыс тілі мен кириллицаға жасалған шабуыл» деп сипаттаған сәттері болды. Олар мұны Ресейге қарсы бағытталған үлкен проблема және қазақ халқын іштей екіге бөліп тынатын қауіпті нәрсе ретінде көрсеткен. Қазақ тілінде сөйлеуді «ұлтшылдық» деп айыптатын тұстары да бар.
Қазақстандағы тәуелсіз журналистер мен БАҚ-тың тек қазақ тілінде ақпарат таратып, ана тілін қолдауын Ресей медиасы әдейі «радикалды ұлтшылдық» (национализм) деп атап, кінәлі етіп көрсетуге тырысады.
Ресей насихаты үшін Қазақстанның өз тілін дамытып, ресейлік ықпалдан арылуға талпынғаны мүлдем тиімсіз. Сондықтан олар кез келген қазақ тілді бастаманы «орыстарға қарсы жасалып жатқан қауіп» ретінде көрсетіп, халықтың арасына іріткі салғысы келеді.
Ресей қандайда бір ақпаратты насихаттарда немесе таратуда «матрешка» әдісін жиі қолданады. Мәселен, «матрешка» ойыншығының ішінен бірінен соң бірі кішірейген қуыршақтар шыға береді ғой. Сол тәрізді бұл әдісте де көптеген ақпарат көздері бір-бірінің ішіне жасырылады. Интернетте сырттай қарағанда бір-біріне еш қатысы жоқ сияқты көрінетін жүздеген анонимді Telegram арналар, жалған сайттар мен әлеуметтік желідегі фейк аккаунттар (боттар) құрылады. Бұл арналардың бір бөлігі Қазақстанның жалған ақпарат пен жала туралы заңдарының шегінде жұмыс істейді, бірақ әлі күнге дейін белсенді.
Жалпы, Ресей мен Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегітағы бір айырмашылық бар. Ол Ресейде «жау» сырттан келеді. Ресей билігі мен медиасы өз халқына нақты бір шетелдік мемлекетті (мысалы, АҚШ-ты, Ұлыбританияны немесе бүкіл Батысты) «басты жау» етіп көрсетеді. Саясаттың бәрі сырттан келетін жаумен күресуге бағытталған.
Ал Қазақстандағы жағдай мүлдем басқаша. Біздегі ақпараттық шабуылдар мен жаман атты етіп қаралау науқандары басқа бір шет мемлекетке қарсы емес, елдің өз ішіндегі адамдарға, ұйымдарға немесе топтарға қарсы бағытталады. Яғни, біздегі ақпараттық күрес сыртқы елдермен емес, елдің ішіндегі белсенділерге, тәуелсіз журналистерге немесе қоғамдық ұйымдарға қарсы жасалады. Оларды «ішкі жау» етіп көрсетуге тырысады.
«Грантоедтерді» жау етіп көрсету схемасы…
Сондай-ақ, қазірде «грантоедтерді» жау етіп қолдану Қазақстан мен Қырғызстанда жиі белең алып жүр. Грантоедтер – бұл саяси риторика мен медиада халықаралық ұйымдардан немесе шетелдік қорлардан грант (қаржылай көмек) алып жұмыс істейтін адамдар мен ұйымдарды жаман атты етіп, қаралау үшін қолданылатын кемсіту сөзі. Мәселен, елдегі тәуелсіз журналистер, белсенділер және үкіметтік емес ұйымдар өз жобалары үшін халықаралық қорлардан мысалы, Американың USAID ұйымынан ресми түрде грант қаржы алады делік. Ресейшіл сайттар (StanRadar, CentrAsia т.б.) бұл адамдарды «Американың айтқанын істейтін тыңшылар, сатқындар» етіп көрсетуге тырысады. Олар тіпті Factcheck.kz сияқты өтірік ақпаратты тексеретін тәуелсіз сайттарды да «Батыстың сойылын соғып отыр» деп айыптайды. Осылайша олар халық арасында тәуелсіз БАҚ пен белсенділерге деген сенімді құрту мақсатында жұмыс істейді. Мысалы, StanRadar сынды ресурстарда «жергілікті грантоедтер USAID пен АҚШ елшілігіндегі бастықтарына қалай откат төледі» деген тақырыптағы материалдар шығарса, ал CentrAsia порталында «Қазақстанның грантоедтері: әр талғамға сай деструктивтілік пе?» деген серия жарияланған.
Мұндай риториканың мақсаты – сыртқы қаржыландыру алатын тәуелсіз БАҚ пен үкіметтік емес ұйымдарды «сыртқы күштің тыңшысы» ретінде көрсету.
Ішкі жау қалай пайда болады?!
Ал енді мүлде басқа сипатта болғанымен, осыған ұқсас жағдай Қазақстанның өз ішінде де байқалады. CABAR.asia талдауына сәйкес, 2024 жылы LGBTIQ+ қауымдастығы «дәстүрлі емес бағдарды насихаттайды» деген айыппен қоғамдағы ішкі «жау» бейнесіне айналдырыла бастады. Сол кезде Салтанат Нүкенованың ісіне байланысты құрылған қор да осындай айыптаулардың нысанына айналды. Кейбір құқық қорғаушылардың да беделін түсіруге бағытталған әрекеттер байқалды. 2024 жылғы 29 мамырда мемлекеттік петиция платформасында LGBT насихатына қарсы петиция жарияланды. Ал сәуір айында «Amanat» партиясының депутаттары Қылмыстық кодекске осы мәселеге қатысты өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұл ұсыныстар қабылданған жоқ. Бірақ олардың әс-әрекеті қоғамдағы қызу пікірталас тудырды. Сонымен қатар жаңа БАҚ туралы заң бұқаралық ақпарат құралдарынан, басқа талаптармен бірге, «моральдық және отбасылық құндылықтарды» бұзбауды талап етеді. Алайда заңда бұл құндылықтардың нақты нені білдіретіні анық көрсетілмеген. Яғни бұл жерде сыртқы емес, ел ішінен «жау» бейнесін қалыптастыру әрекеті туралы сөз болып отыр. Бірақ оның риторикасында «Батыс құндылықтарын Қазақстанға таңу» деген түсінік те жиі қолданылады. Сондықтан сыртқы жау мен ішкі жау туралы екі түрлі риторика бір жерде тоғысады.
Кері бағыт: Ресей жау ретінде…
Мәселенің екінші жағын да айту керек. Украинадағы соғыстан кейін Қазақстан қоғамында Ресейдің ықпалына қатысты алаңдаушылық күшейіп, деколониялық көзқарас кең тарай бастады. Novastan талдауына сәйкес, соғыс Орталық Азия елдерін алаңдатып, Ресейдің тарихи, мәдени және тілдік байланыстарға бұрынғыдай ерекше мән беруіне қатысты күдікті күшейтті.
Journal of Sociolinguistics журналында жарияланған зерттеуге қарағанда, «шала қазақ» деген сөздің мағынасы да өзгеріп келеді. Бұрын бұл сөз қазақ тілін немесе қазақ мәдениетін жеткілікті білмейтін адамға қатысты айтылса, қазір кей жағдайда Ресейшіл көзқарастағы адамды сипаттау үшін де қолданылады.
Алайда бұл жерде маңызды бір айырмашылық бар. Ресейге қатысты мұндай «жау» бейнесі мемлекеттік БАҚ арқылы қалыптасып отырған жоқ. Бұл пікір көбіне әлеуметтік желілерде, блогерлер арасында және тәуелсіз журналистикада тарайды.
Ал бізідң мемлекеттің ұстанымы әлдеқайда сақ. Frontiers in Political Science журналындағы зерттеуде Қазақстанның бұл саясаты «көптілді мемлекет» деп сипатталады. Яғни орыс тілі әлі де кеңінен қолданылады, бірақ қазақ тілі мемлекеттіліктің негізгі тілі ретінде алға шығып келеді. Сонымен бірге билік орыстілді азаматтарды қауіп ретінде көрсетпейді. Оның орнына Қазақстан өзінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау арқылы Ресейдің аумақтық талаптарына негізделген саяси ұстанымдарынан алшақ болуға тырысады.
Сондықтан «Ресей – жау» деген ұстанымды Қазақстан мемлекеті әдейі қалыптастырып отыр деу дұрыс емес. Мұндай көзқарас қоғамның белгілі бір бөлігінде пайда болды және күшейді. Ал мемлекет бұл риторикадан әдейі қашық болып отыр.
Мемлекеттің жауабы және оның екіұштылығы
Еске салсақ, 2025 жылы Президент Әкімшілігінің жанынан Дезинформацияға қарсы күрес орталығы құрылды. Ресми мәлімдемелерде Қазақстанның сыртқы саясаты мен ішкі тұрақтылығына әсер ететін ақпараттық шабуылдар туралы айтылады. Мұндай ақпараттың негізгі көзі ретінде анонимді Telegram арналары мен бір бағытта жұмыс істейтін онлайн желілер көрсетіледі. Алайда бұл жерде әлі шешілмеген мәселе бар. 2023 жылы қабылданған онлайн-платформалар мен жарнама туралы заң аясында жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік енгізілді. Сол кезде «Шекарасыз репортерлер» және басқа да ұйымдар бұл заң мемлекетке ақпарат кеңістігін тым қатты бақылауға мүмкіндік беруі мүмкін деп ескертті. Legal Media Center қорының басшысы Диана Окремова да 2023 жылы Eurasianet-ке берген түсініктемесінде осы мәселені көтерді. Оның айтуынша, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне төнетін қауіп бар. Бірақ қабылданған заң бұл қауіптен толық қорғай алмайды. Өйткені Қазақстанда еркін таралып жатқан Ресейдің үгіт-насихат арналарына бұл заң іс жүзінде әсер етпейді. Осы жерде негізгі мәселе көрінеді, ақпарат кеңістігін реттеуге арналған заң ең күшті ықпал ететін ақпарат көздеріне емес, бақылауға әлдеқайда оңай жергілікті БАҚ-қа көбірек әсер етуі мүмкін.
Жүкті кім көтеріп жүр?
Жалпы, мемлекет геосаяси ақпараттық науқандармен тікелей жүйелі түрде айналыспағандықтан, бұл жұмыстың көп бөлігі тәуелсіз ұйымдардың мойнында қалып отыр. Бірақ ақпаратпен және медиасауаттылықпен айналысатын осы ұйымдардың өзі «грант жейтіндер» (грантоедтер) деген айыптаулардың жиі нысанасына айналады.
Мысалы, Орталық Азиядағы алғашқы фактчекинг ресурсы – Factcheck.kz 2014 жылы, Украинадағы Майдан оқиғаларынан кейін құрылды. Оның негізін қалаған MediaNet халықаралық журналистика орталығының басшысы Әділ Жәлілов IJNet-ке берген сұхбатында бұл жобаны не үшін бастағанын түсіндірген. Оның айтуынша, Қазақстан белгілі бір деңгейде Ресейдің ақпараттық ықпалындағы ел болып саналады. Әсіресе ірі қалалардан тыс жерлерде халық ресейлік үгіт-насихатқа көбірек бейім. Бұл бағыттағы жұмыс қазір де жалғасып келеді. 2024 жылы басталған жұмыстың жалғасы ретінде MediaNet 2025 жылы журналистерге, студенттерге және оқытушыларға арналған FactCheck Dive 2025 жобасын іске қосты. 2025 жылдың 1-3 сәуірінде Түркістанда өткен тренингке Түркістан, Тараз, Қызылорда, Шымкент, Кентау, Ленгер және өңірдегі шағын қалалар мен ауылдардан 23 адам қатысты. Сабақтар екі топқа бөлініп, қазақ тілінде өткізілді. Сол айдың 8-10 сәуірінде Атырауда Батыс Қазақстан өңірінен тағы 27 адам осындай тренингтен өтті. Бұл сандардың өзі мәселенің ауқымын көрсетеді.
Қазір халықтың басым бөлігі ресейлік телеарналарды көретін жағдайда, оған қарсы тұратын ақпараттық ресурстардың мүмкіндігі әлдеқайда шектеулі. Мысалы, бір жылда бірнеше ондаған адамды ғана оқыту арқылы миллиондаған аудиторияға жететін ресейлік ақпарат ағынымен бәсекелесу қиын. Оның үстіне мұндай ұйымдардың қаржыландыруының едәуір бөлігі шетелдік гранттарға байланысты. Сондықтан оларды «шетелдің мүддесін қорғайды» немесе «тыңшы» деп айыптау оңай. 2025 жылы MediaNet ЮНЕСКО-ның Алматыдағы өңірлік бюросымен бірге Қазақстандағы медиасауаттылықтың жағдайын алғаш рет жан-жақты зерттеді. Зерттеу есебі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарияланды. Онда мемлекеттік органдардың осы мәселеге қатысты ресми жауаптары да қамтылған.
Түйін
Сонымен түйіндей келе айтар болса, BBC зерттеуінде сипатталған Ресейдегі жағдаймен салыстырсақ, Қазақстандағы көрініс мүлде бөлек. Мәселен, Ресейде ақпарат мемлекеттік телеарналар бір бағытта, бірдей ақпарат таратады. Қазақстанда ақпарат әртүрлі арналар арқылы тарайды. Көбіне әлеуметтік желілер, тәуелсіз ресурстар мен анонимді арналар маңызды рөл атқарады. Ресейде «жау» бейнесін қалыптастыру мемлекеттік ақпарат жүйесінің бір бөлігіне айналған. Мемлекеттік телеарналар мен саяси бағдарламаларда бірдей ұстаным тұрақты түрде қайталанып отырады. Ұлыбритания, АҚШ және басқа да Батыс елдері Ресейге қауіп төндіретін күш ретінде көрсетіледі. Бұл тәсіл ел ішіндегі мәселелерге қатысты наразылықты «сырттан келетін жауға» бұруға мүмкіндік береді. Қазақстанда мұндай орталықтандырылған жүйе жоқ. Мұнда «жау» туралы пікірлер әртүрлі ақпарат көздерінен тарайды. Әлеуметтік желілер, блогерлер, тәуелсіз медиалар мен анонимді Telegram арналарының ықпалы жоғары.
Тағы бір айырмашылық – «жаудың» кім екенінде. Ресейде негізгі нысана көбіне сыртқы мемлекеттер болса, Қазақстанда сын мен айыптаудың нысанасына ел ішіндегі топтар жиі түседі. Олардың қатарында тәуелсіз БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар, құқық қорғаушылар және кейбір азшылық топтар бар. «Грантоедтер» сияқты сөздер осындай топтардың беделін түсіру үшін қолданылады. Бұл ретте Қазақстанның рөлі де Ресейдегідей емес. Қазақстанның мемлекеттік ақпарат құралдары Ресейдегідей арнайы «сырттан келетін жау» бейнесін қалыптастыратын жүйелі саясат жүргізіп отырған жоқ. Керісінше, билік бір жағынан ақпарат кеңістігін реттеуге тырысса, екінші жағынан Ресейге қарсы тым қатты риторикадан да сақтанады. Сондықтан Қазақстандағы жағдайды Ресейдің моделіне тікелей ұқсату дұрыс болмас еді. Бірақ бұл жерде басқа маңызды сұрақ туындайды: Қазақстанда» сырттан келетін жау» бейнесін қалыптастыратын жүйе әдейі құрылмаған ба, әлде мемлекетте оны құруға қажетті мүмкіндік пен ресурстар жоқ па? Бәлкім, осы сұрақтың жауабы Қазақстанның ақпараттық саясатының алдағы бағытын түсінуге көмектесер…


