Тәжікстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Бахтиёр Худоёрзода Қазақстандағы республикалық референдумның ұйымдастырылуына жоғары баға берді, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Халықаралық бақылаушы ретінде ол ТМД, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Парламентаралық ассамблея және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы миссиясының құрамында келгенін айтты.
«Біз Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының шақыртуымен референдумға дайындық пен оны өткізу барысын бақылау үшін келдік. Елордада болған кезде даярлық жұмыстарымен танысып, бүгін дауыс беру процесін тікелей бақыладық», – деді Бахтиёр Худоёрзода.
Бақылаушының пікірінше, референдумды өткізу үшін ауқымды әрі жан-жақты дайындық жасалған. Учаскелік және аумақтық комиссия мүшелері референдумның барлық кезеңі бойынша арнайы оқудан өткен.
«Бұл Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының саяси науқанды жоғары деңгейде ұйымдастырғанын көрсетеді. Дауыс беру құқығы бар азаматтар учаскелерге өз еркімен келіп, таңдауын жасап жатыр. Бұл – азаматтардың еркін таңдау және ашықтық қағидаттары сақталғанының дәлелі», – деп атап өтті ол.
Сөз соңында ол Қазақстан халқына бейбітшілік, бірлік және тұрақты даму тіледі.
