Үкімет «Таза Қазақстан» бастамасының барысын талқылап, елде 1,6 млрд ағаш егілгенін мәлімдеді. Енді басты назар көшеттердің жерсінуіне аударылады, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

Премьер-министр Олжас Бектенов «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруды бақылайтын орталықтың отырысын өткізді. Онда елді жасылдандыру, орман алқаптарын құру және өңірлердегі экологиялық жобалар қаралды.

«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі қағидаттары – экологиялық мәдениет қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау және табиғатқа ұқыпты қарау – жаңа Конституцияда бекітілген. Табиғатты сақтау – жай ғана ұран емес, әрқайсымыздың конституциялық парызымыз. Волонтерлік ұйымдар мен жастардың әлеуетін белсенді пайдалану керек. Арал өңіріндегі жағдайды жақсарту үшін қазір теңіздің құрғаған табанына тұзды дауылдарға тосқауыл болатын сексеуіл алқаптары егіліп жатыр. Бұл – өңірдің экожүйесін жаңғырту жолындағы маңызды қадам», – деді Олжас Бектенов.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, 2021 жылдан бері елімізде 1,6 миллиардқа жуық ағаш отырғызылған. Биылғы жоспар – 210 миллионнан астам көшет егу. Бұл үшін жалпы ауданы 2,7 мың гектар болатын 243 орман питомнигінде 157 миллионға жуық көшет өсіріліп жатыр. Биыл тағы 6 жаңа жоба іске қосылады.

Арал экожүйесін қалпына келтіру аясында 1 миллион гектардан астам жерге ағаш егілді. Қазір теңіздің құрғаған табанындағы 165 мың гектар жерде жұмыс жалғасып жатыр. Сондай-ақ сол жерде арнайы питомник салынып, «Арал орманы» мемлекеттік табиғи резерватын құру жұмыстары аяқталуға жақын.

Премьер-министр мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге жоспарды орындап қана қоймай, отырғызылған көшеттердің жерсініп кетуін қатаң қадағалауды тапсырды. Ол Цифрландыру жылына орай Жерді қашықтан зондтау, дрон және жасанды интеллект сияқты цифрлық шешімдерді белсенді енгізу керегін айтты.

Сондай-ақ Олжас Бектенов сәуір айының соңына дейін Қызылорда және Түркістан облыстарындағы Арал теңізінің құрғаған 165 мың гектар табанындағы орман мелиорациясы жұмыстарын аяқтауды міндеттеді. Алматы, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында орман питомниктерінің құрылысын жеделдету де тапсырылды.

Share.
Exit mobile version