Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық даму банкінің (ЕДБ) басқарма төрағасы Николай Подгузовты қабылдады. Кездесуде банктің 20 жылдық жұмысы қорытындыланып, алдағы инвестициялық ынтымақтастық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

Николай Подгузов Президентке ЕДБ-ның экономикалық болжамын ұсынды. Оған сәйкес, биыл Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 5,5%-тен кем болмайды.

«Бұған инвестицияның қарқыны, ауқымды инфрақұрылымдық бағдарламалар, сондай-ақ ішкі сұраныс пен әлеуметтік көрсеткіштердің тұрақтылығы септігін тигізеді», – деп есептейді банк сарапшылары.

ЕДБ басшысы 2022-2026 жылдарға арналған стратегия аясында салынған жалпы инвестиция көлемі 9,2 миллиард долларға жеткенін мәлімдеді. Оның 5,2 миллиард доллары тікелей Қазақстан экономикасына құйылған. Бұл көрсеткіш банктің алдыңғы 15 жылда салған инвестициясымен бірдей.

Бөлінген қаржы мына салаларға жұмсалды: 2,1 млрд доллар – өнеркәсіпті дамытуға; 1 млрд доллар – энергетикаға; 1 млрд доллар – көлік инфрақұрылымына; 1,1 млрд доллар – қаржы секторына. Сонымен қатар цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлініп отыр.

Мемлекет басшысы Еуразиялық даму банкінің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар жобаларды жүзеге асырудағы негізгі серіктестердің бірі екенін атап өтті. Президенттің пікірінше, банктің жұмыс ауқымының кеңеюі жаңа бастамаларды қолға алып, аймақтағы экономикалық интеграцияны нығайтуға мүмкіндік береді.

Кездесу соңында тараптар Қазақстан экономикасын орнықты дамыту үшін стратегиялық серіктестікті одан әрі арттыруға келісті.

Share.
Exit mobile version