Жапония Қазақстанды негізгі мұнай жеткізушілерінің бірі ретінде қарастырып отыр. Елдің ірі INPEX компаниясы қазақстандық және әзербайжандық шикізатты жапон нарығына басымдықпен жіберуге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

Әңгіме Каспий теңізіндегі Қашаған және Әзербайжанның «Әзер-Шырақ-Гүнешли» кен орындарынан өндірілетін мұнай туралы болып отыр. Қазір бұл көлемнің басым бөлігі Еуропаға жөнелтіледі. Алайда жапондық компаниялардан сұраныс түссе, жеткізілім бағыты өзгеруі мүмкін.

Жапонияның Қазақстанға назар аударуының негізгі себебі – Таяу Шығыстан мұнай тасымалдаудағы тәуекелдердің артуы. Yomiuri басылымының жазуынша, Токио әлі күнге дейін мұнайдың 90 пайыздан астамын осы аймақтан алады. Ормуз бұғазындағы тұрақсыздыққа байланысты ел басшылығы балама жолдарды іздей бастады.

Дегенмен, бұл жерде логистика мәселесі бар. Қазақстан мұнайын айналма жолмен – Қызыл теңіз арқылы немесе Африканы айналып тасымалдауға тура келеді. Бұл жағдайда жүк 35-55 күнде жетсе, Ормуз бұғазы арқылы тасымалдауға шамамен 20 күн кетеді.

Жалпы, Токио өзінің энергетикалық стратегиясын қайта қарап жатыр. Қазақстаннан бөлек, Оңтүстік Америка мен АҚШ-тан мұнай импорттау мүмкіндігі де пысықталуда.

Share.
Exit mobile version