АҚШ Президенті Дональд Трамп НАТО-дағы одақтастарын қатты сынап, оларды Иранға қарсы тұруда және Ормуз бұғазындағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде белсенділік танытпады деп айыптады, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Трамп бұл туралы өзінің Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.
АҚШ болмаса, НАТО-ның құны көк тиын. Олар ядролық Иранға қарсы күреске араласқысы келмеді. Қазір бұл шайқаста біз жеңіске жеттік, оларға төнген қауіп те аз болды. Сөйте тұра, өздері төлейтін мұнай бағасының қымбаттығына шағымданады, бірақ Ормуз бұғазын ашуға көмектесуге құлықсыз. Бұл – өте қарапайым әскери операция, әрі мұнайдың қымбаттауының негізгі себебі де осы. Мұны істеу оларға түк емес, тәуекелі де төмен. ҚОРҚАҚТАР, біз мұны ешқашан ҰМЫТПАЙМЫЗ!
Трамптың бұл ашулы мәлімдемесіне бірнеше жайт себеп болған.
Біріншіден, Иранмен арадағы шиеленіс. Вашингтон Тегеранға қарсы әскери қадамдар жасағанда, Трамптың пікірінше, Еуропадағы одақтастар шетте қалып, нақты қолдау көрсетпеген.
Екіншіден, НАТО ішіндегі қаржылық міндеттемелерге қатысты ескі реніш. Трамп бұрыннан бері альянстың барлық ауыртпалығын АҚШ көтеріп келеді, ал Еуропа елдері қорғанысқа жеткілікті қаражат бөлмейді деп санайды.
Сонымен қатар, мәселенің ұшы әлемдік мұнай тасымалының маңызды бөлігі өтетін Ормуз бұғазына тіреледі. Бұл аймақтағы тұрақсыздық мұнай бағасының күрт өсуіне әкеледі. Трамп одақтастарды осы стратегиялық маңызды су жолын қорғауға атсалыспайды деп кінәлап отыр.

