Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан парламент сайлауында жеңілгенін мойындап, оппозиция жетекшісі Петер Мадьярды жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

Бюллетеньдердің шамамен 60%-ы саналғаннан кейінгі нәтиже бойынша, Мадьярдың «Тиса» партиясы 199 орындық парламентте 136 мандатқа ие болды. Ал Орбан басқаратын биліктегі «Фидес» партиясы небәрі 56 орын алды.

Петер Мадьяр – билікке жат адам емес. Ол 20 жылдан астам уақыт «Фидес» партиясының мүшесі болып, Сыртқы істер министрлігінде және премьер-министр аппаратында жұмыс істеген. 2024 жылы педофилия ісіне қатысты сотталған адамға рақымшылық жасауға байланысты даудан кейін оның бұрынғы әйелі, экс-әділет министрі Юдит Варга отставкаға кеткен еді. Осы оқиғадан соң Мадьяр партияны жемқорлықпен айыптап, оппозиция қатарына өтті.

«Тиса» партиясының жетекшісі жемқорлықпен қатаң күресетінін, денсаулық сақтау саласына реформа жасайтынын және Ресейдің энергетикалық ресурстарына тәуелділікті азайтатынын уәде етіп отыр.

«Бұл Ресейден мүлдем бас тартамыз деген сөз емес. Біз ең арзан әрі қауіпсіз ресурстарды табамыз. Энергетикалық дағдарыс болған жағдайда, Венгрияның қажеттілігін қамтамасыз ететін бірнеше нұсқамыз болады», — деп мәлімдеді Мадьяр.

Бұл сайлауға қатысушылар саны соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды.

Share.
Exit mobile version