Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға сапар барып, президент Шавкат Мирзиёевпен Бұхара қаласында бейресми кездесу өткізді, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

Тоқаев қонақжайлық үшін өзбек әріптесіне алғыс айтып, қазіргі геосаяси жағдайда бұл кездесудің маңызы зор екенін атап өтті. Ол екі ел арасында ешқандай келіспеушілік жоғын және барлық жобалар біртіндеп жүзеге асып жатқанын жеткізді.

«Өзбек елі – Қазақстан үшін сенімді стратегиялық серіктес. Біздің арамызда ешқандай түсінбеушілік, иә болмаса кедергі жоқ. Үкімет барлық келісімді бұлжытпай іске асыру міндетін жақсы түсініп отыр», – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы 2,5 мың жылдан астам тарихы бар Бұхараның Шығыстың рухани орталықтарының бірі болғанын, қазақтың көптеген зиялылары осы жерде білім алғанын еске салды. Ол қаланың тарихи келбетін сақтай отырып, қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев бұл кездесу екі елдің бауырластығын және одақтастық қарым-қатынастың нығайып келе жатқанын көрсететінін айтты. Ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» құру жолындағы реформаларын толық қолдайтынын жеткізді.

«Әлемдегі күрделі ахуалға қарамастан, еліңіздің экономика көлемі 300 миллиард доллардан асты. Ішкі жалпы өнімде шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 40 пайызға жуықтады. Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының мүддесіне негізделген көпвекторлы сыртқы саясат табысты жүзеге асырылып жатыр. Бұл Сіздің аймақтық және әлемдік проблемаларды шешу ісіндегі көрнекті саяси қайраткер екеніңізді көрсетеді», – деді Өзбекстан Президенті.

Кездесу соңында тараптар сауда-экономикалық серіктестікті одан әрі кеңейтуге және екі елдің іскер топтарын қолдауға келісті.

Share.
Exit mobile version