Иран Киевке қатаң ескерту жасады: егер Украина Израильге көмектесуін тоқтатпаса, оның аумағы заңды әскери нысанаға айналуы мүмкін, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Иран парламентінің ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы мәлімдеді. Оның сөзінше, Киевтің Израильге кез келген әскери көмегі, әсіресе дронға қарсы технологияларды беруі агрессия ретінде бағаланады.

«Егер Киев билігі Израильге әскери, соның ішінде дронға қарсы технологиялармен көмектесуді жалғастырса, Украина біз үшін заңды әскери нысана болады», – делінген хабарламада.

Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский өз елінің Таяу Шығыс мемлекеттерімен ирандық дрондарға қарсы күресте ынтымақтастықты күшейткенін айтқан болатын. Тіпті украиналық мамандар мен дрон-тосқауыл жүйелері Иордания аумағына жіберілгені белгілі болды.

Зеленскийдің сөзінше, Украинадан осындай көмек сұраған елдер саны 11-ге жеткен. Олардың қатарында Еуропа мен Таяу Шығыстың бірқатар мемлекеті бар. Кейбір деректерге сүйенсек, Сауд Арабиясы да Украинамен қорғаныс саласында әріптестік орнатуға қызығушылық танытқан.

Қазіргі таңда Иран Ресейдің басты әскери одақтастарының бірі саналады. Киевтің ресми дерегі бойынша, Тегеран Мәскеуге мыңдаған «Шахед» дронын жеткізіп, оны өндіру технологиясымен де бөліскен.

Share.
Exit mobile version