Иранның жаңа Жоғарғы көсемі Моджтаба Хаменеи жараланып, Мәскеуге шұғыл емделуге жеткізілгені белгілі болды. Бұл туралы Кувейттің Al Jarida басылымы жоғары лауазымды дереккөзге сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Басылымның мәліметінше, Хаменеи АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққысының бірінші күні жарақат алған. Осыдан кейін оны құпия рейспен бірден Мәскеуге эвакуациялаған.
Ресей президенті Владимир Путин өткен аптада Иран президенті Масуд Пезешкианға телефон соғып, Моджтабаны Мәскеуде емдетуге жеке өзі ұсыныс жасаған.
Қазір Хаменеиге Мәскеуде сәтті операция жасалған. Ол Путиннің резиденцияларының бірінде орналасқан клиникада ем қабылдап жатыр.
CBS News телеарнасы АҚШ барлау қызметінің деректеріне сүйеніп, марқұм аятолла Әли Хаменеидің өз ұлының қабілетіне күмәнмен қарағанын жазды. Ол ұлын «көшбасшы болуға лайықсыз, аса ақылды емес» деп санаған көрінеді.
Сарапшылардың пікірінше, Моджтаба Хаменеидің билікке келуі Иран ішіндегі түрлі билік тармақтары арасында үлкен қайшылықтар тудыруы мүмкін.
Ресейдің Иранның жаңа көсемін өз қамқорлығына алуы Мәскеу мен Тегеран арасындағы әскери-саяси одақтың тереңдей түскенін аңғартады. Сонымен қатар, Жоғарғы көсемнің шетелде емделуі Иран басшылығының өз еліндегі қауіпсіздікке сенімсіздігін көрсетеді.
