Соңғы кездері BI Group басшысы Айдын Рахымбаевтың аты жиі аталып, ол туралы жағымды жаңалықтар көбейіп кетті. Алайда, бұл кездейсоқтық емес, бизнесменнің қаржы реттеушілерінің назарына ілігуімен байланысты болуы мүмкін, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
Естеріңізде болса, жақында премьер-министр Олжас Бектеновтің сынынан кейін құрылыс холдингінің қызметіне салық қызметі тексеру жүргізген. Нәтижесінде компания бюджетке 11,9 млрд теңге қосымша салық төлеуге мәжбүр болды. Сол кезде BI Group басшылығы мұны «жекелеген мердігерлердің қателігі» деп түсіндіріп, олардың қарызын дау-дамайсыз жабуға шешім қабылдағанын мәлімдеген.
Редакциядан: Қазақстан қор биржасының (KASE) дерегінше, 2025 жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша BI Development Ltd. акционерлері 25 млрд теңге дивиденд төлеу туралы шешім қабылдаған. Бұл сома компания бұрын төлеген салықтан екі еседен де көп.
Бұл жағдайдан кейін сарапшылар құрылыс компаниясының салықты оңтайландыру қағидаларын қайта қарау керегін айтқан еді. Басқаша айтсақ, Рахымбаевтың көптеген компаниясы заңдағы олқылықтарды пайдаланып, салық төлемдерін азайту үшін жұмыс істеген деген болжам бар.
Алайда, қазіргі жағдай бұрынғыдан да күрделірек. Дереккөздердің ақпараты бойынша, Рахымбаевтың құрылымдары тағы да құзырлы органдардың назарына іліккен. Негізгі мәселелердің бірі – бизнесменнің «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы (АХҚО) белсенділігі. Алдын ала жасалған талдау есептерінде миллиардтаған теңгенің заң бұзушылықтары анықталуы ықтимал.
Сөз АХҚО қатысушыларына финтех саласын дамыту үшін берілетін салықтық жеңілдіктерді классикалық құрылыс бизнесін оңтайландыру мақсатында пайдалану туралы болып отыр. Сондай-ақ, реттеушілер холдингтің 250-ден астам заңды тұлғадан тұратын күрделі құрылымына да алаңдаушылық білдіруде.
Редакциядан: Айта кетейік, RAMS сияқты басқа да ірі құрылыс компаниясының ондаған заңды тұлғасы бар. Бұл құрылыс нарығындағы компаниялар үшін қалыпты жағдай болуы да мүмкін.
Қалай болғанда да, бизнесменнің бұл ауқымды PR-науқаны болашақта туындауы мүмкін сот процестеріне немесе реттеушілермен болатын дауларға дайындық болуы әбден ықтимал.
