Экономикалық дамудың жаңа мақсаттары тұрғысынан екіжақты белсенділіктің қандай жаңа перспективалары мен үрдістері қалыптасып келеді?
25 қыркүйекте Алматыда «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумы өтіп, онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Іс-шара бір минут үнсіздікпен басталды. Қатысушылар Маңғыстау облысында қайғылы жағдайда қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алды.
Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасында саяси өзара сенімнің өте жоғары деңгейі қалыптасқан. Бұл сауда-экономикалық және гуманитарлық байланыстарды, әлемдік аренадағы ынтымақтастықты, сондай-ақ ШЫҰ мен БРИКС секілді халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды қамтитын көптеген бағыттағы берік серіктестіктің негізіне айналды.
Форумның негізгі тақырыбы экономикалық байланыстарды дамытуға арналды. Қазақстан қытайлық инвесторлар үшін тартымды бағыт бола алады және сол арқылы өзінің жедел дамуына серпін беруге мүмкіндік бар. Өйткені көршілес Қытайда әлемдегі екінші ірі экономика қалыптасқан әрі оның өсу қарқыны тұрақты деңгейде сақталып отыр. Екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі саяси қатынастар мен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік бағыты Қазақстан экономикасына капитал құйып отырған қытайлық инвесторлардың сенімін арттыратын маңызды фактор болып отыр.
Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерілді. Қыркүйек айында «Синьхуа» агенттігіне берген сұхбатында Тоқаев Қазақстан үшін сауда көлемінің сандық тұрғыдан артуы ғана емес, экономикалық ықпалдастықтың құрылымын өзгерту де маңызды екенін атап өткен еді.
«Қазіргі әлемдік даму жағдайында негізінен шикізатқа сүйенген модельден біртіндеп өнеркәсіптік және технологиялық кооперацияға көшу қажет. Ірі бірлескен өндірістер құрып, терең өңдеуді дамыту, қосылған құны жоғары өнім шығаруды ұлғайту, озық технологиялар трансферін жүзеге асыру керек. Біздің одан арғы ынтымақтастығымыздың зор әлеуетін осыдан көремін. Қытайлық достарымыз бен серіктестеріміздің де осы көзқарасты қолдайтыны қуантады», – деді ол.
Бүгін Тоқаев қазіргі тұрақсыз әрі белгісіз кезеңде екі ел көптеген сын-қатерлер мен қауіптерге қарсы тұру үшін «иық тіресе әрекет етуі тиіс» екенін айтты.
Қытай мен Қазақстан арасында жалпы құны 62 миллиард доллардан асатын 260 ірі бірлескен жобадан тұратын портфель қалыптасқан. Мемлекет басшысы Алматыдағы автомобиль кластерін, Қарағанды облысындағы кремний өндірісін, металлургия, мұнай-газ химиясы және энергия сақтау жүйелері саласындағы жобаларды атап өтті.
Ақтөбе облысында Jinyi Holding Group компаниясымен бірлесіп арнайы индустриялық аймақ құрылып жатыр. Ал Lihua, Fufeng және Dalian Hesheng Holdings компаниялары мақта, тоқыма, жүгері және астық салаларындағы жобаларға қатысуда.
Осы тұрғыда Тоқаев Common History Destiny. Designed and Made in Both China And Kazakhstan атты қазақ-қытай бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Оның аясында жекелеген жобаларды толыққанды өндірістік тізбектерге біріктіріп, Орталық Азия, ЕАЭО, Оңтүстік Кавказ және Еуропа нарықтарына бірлесіп шығу көзделеді.
Форумда назар аударылған тағы бір маңызды бағыт – шикізат ресурстары мен технологиялар. Қазақстан уран, мыс, алтын, көмір, критикалық минералдар және сирек кездесетін жер металдарының мол қорына ие.
Сонымен қатар жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық та дамып келеді. Астанада алғашқы қазақ-қытай жасанды интеллект мектебін ашу жоспарланған.
Ірі технологиялық жобалардың қатарында Президент Alatau City жобасын да ерекше атап өтті. Жоспар бойынша, ол Қытай, Орталық Азия және Еуропа арасындағы іскерлік белсенділіктің маңызды орталығына айналуы тиіс.
Жалпы, кездесу қазір жүзеге асырылып жатқан жобалар мен ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын бір арнаға тоғыстырды. 260 бірлескен жобаның артында өнеркәсіп, аграрлық сектор, шикізат ресурстары, технологиялар және жаңа нарықтарға шығу мүмкіндіктері тұр.
Ал Тоқаев ұсынған Common History Destiny бағдарламасы Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланыстарды дамытудың келесі кезеңіне айналуы мүмкін.
Эдуард Полетаев




