Украинадағы соғыс басталғаннан кейін Португалия билігі ерекше үрдісті байқады. Ресейге салынған санкциялар аясында бұл елден Қазақстан сияқты Ресейге жақын мемлекеттерге экспорт көлемі күрт өскен, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Португалияның Público басылымы жазды. Газеттің мәліметінше, елдің Қаржы министрлігі бұл тауарлардың Ресейге қарсы шектеулерді айналып өту үшін жөнелтіліп жатқан-жатпағанын анықтау үшін тексеруді бастап кеткен.

«Санкцияларға дейін Португалия Ресейге тауарларды тікелей сататын, 2021 жылы оның көлемі 26 миллион еуродан асқан. Шектеулерден кейін экспорт тоқтады. Бірақ Ресеймен сауда байланысын үзбеген Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия және БАӘ-ге тауар тасымалы кенеттен артты», – деп жазады басылым.

Билік еуропалық тауарлардың бір бөлігі алдымен үшінші елдерге жөнелтіліп, сол арқылы Ресейге жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Шектеуге ілінген тауарлар арасында әскери өнеркәсіпте қолданылуы ықтимал микрочиптер, жартылай өткізгіштер, электроника, дрондар мен өнеркәсіптік компоненттер бар.

Тіпті бұрын Ресей шарап өнеркәсібі үшін үнемі сатып алатын тығын (пробка) экспортының өзі артқан. Португалия – бұл материалды әлемдегі ең ірі өндіруші.

Share.
Exit mobile version