АҚШ Президенті Дональд Трамп Ресей мұнайын сатып алуға салынған санкцияларды 11 сәуірге дейін уақытша алып тастады. Бұл шешім Иранмен соғыс салдарынан зардап шеккен әлемдік нарықты тұрақтандыру үшін қабылданған, деп хабарлайды EurasiaPulse.com ақпарат агенттігі.
АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессенттің айтуынша, бұл елдерге ресейлік мұнайды сатып алуға уақытша берілген рұқсат.
«Бұл – тек жолда келе жатқан мұнайға арналған тар ауқымды, қысқа мерзімді шара. Сондықтан ол Ресейге айтарлықтай қаржылық пайда әкелмейді, өйткені Ресейдің негізгі табысы өндіру орнындағы салықтардан түседі», – деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Бессент сондай-ақ президенттің энергетиканы қолдау саясаты АҚШ-та мұнай мен газ өндіруді рекордтық деңгейге жеткізіп, жанармай бағасын төмендеткенін атап өтті.
Бұл оқиғаның алдында, 27-28 ақпанға қараған түні АҚШ пен Израиль Иранға әуеден соққы жасаған болатын. Сарапшылар мұны Дональд Трамптың тактикалық қадамы деп бағалады, себебі демалыс күндері биржалар жұмыс істемейді де, нарықтағы алғашқы дүрбелең басылады.
Алайда 2 наурызда Лондон биржасында мұнай бағасы 13%-ға қымбаттап, бір баррелі 82 долларға жетті. Нарықтағы бұл үрейдің басты себебі – әлемдік мұнайдың 20%-ы мен сұйытылған газдың 25%-ы тасымалданатын Ормуз бұғазындағы жағдай.
Сол күні Иранның Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукар Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалы тоқтатылғанын мәлімдеді.
«Қазір бұл маңда әскери операция жүріп жатыр. Бұғаз арқылы өткен үш танкер зардап шекті. Екі күннен бері мұнай тасымалданбады, кемелер үшін жағдай әлі де қауіпті», – деді дипломат.
